Жырлаған қазақ қамын шалқып төрде...
Жырлаған қазақ қамын шалқып төрде,
Билері орнатқан ғой тәртіпті елге!
Көш соңы түгел келіп жайғасқан соң,
Алтайға, Сарыарқаға, Барқытбелге.
Салмақтап, ұсағын да, ірісін де,
Бәріне хабар айтып, түн ішінде.
Таңертең жеті ұлына енші берген.
Жолымбет би көзінің тірісінде.
Жарамас қарай беру – бір айнаға,
Қолдайтын жетуін де құдай ғана!
Бөлгені, сүткенжеге шаңырағы мен
Жайсаңның жағасы екен шырайнала!
Өйткені Ақнайманнан он ұл болған.
Шетінен қозғайтұғын қонымды арман!..
Атқұмар, аңға құмар, күйге құмар, Ылғи
да бола бермес көңілге алған?!
Деседі ұзын құлақ сонан бергі,
Шолатын қазақпыз ғой қонар жерді!
Ақнайман отыр көлдің төр жағында,
Сол шығар әлгі сөзге қояр белгі?!
Баланың балық жеген күтімі ұнар,
Берекесіз ауылдың құты құлар!..
Бөкенде, Шегелікте, Ақсуатта,
Тұғылда шалдың «шашқан» тұқымы бар...
Нып-нығыз қоғамдағы орындары,
Дәм айдап барғандар ғой соның бәрі!..
Қабада, Дөрбілжіңде, Буыршында,
Ақнайманның көлемді шоғырлары!..
Қара жер қасиетін тұрған ұғар,
Алаңсыз шалқып отыр мұндағылар!..
Морида, Тасырқайда, Торғайлыда,
Жүз үйден, елу үйден жұрнағы бар...
Бұлардың басын қосу қиын жері,
Одан да алыс уақыт үйіргені!..
Ұржардан, Аягөзден, Шар жағынан,
Көп ауыл қосылмапты-ау, бүйірдегі!..
Ұйытқысы – Марқадағы Алтысары,
Келген жоқ шеттегінің жартысы әлі!..
Ақнайман әулетінің естуімше,
Жеті жүз мыңға жеткен жалпы саны!
Заманы болғанымен құбылмалы,
Қат-қабат тарихы бар мұның-дағы!..
Ұмтылған өмір үшін, өнер үшін,
Күрестен көз ашқан жоқ туылғалы!..
Ноғайбай, Тауданбек қой ақындары,
Есенбай, Бердіғожа батырлары.
Кешубай, Кәуен, Қали сияқтының,
Қозғалмай, әлі күнге жатыр бәрі!..
Бастырған қайда барса, ісін өрге,
Жай жатақ саятшыны түсінер ме?!
Зәкеңдер, Сеңгірбайлар, Нұрғалилар,
Түспеген бүркітші екен құсы жерге!
Кімің бар Жантұрсынның Қайдарындай?..
Пері еді Ақнайманның айбарындай.
Солардан не қалды екен, уа, дариға?!
Кіріспек күйдің жеке қайнарындай?..
Арқанын, әркім ұстар, айыл, жібін.
Өрімші отырған жер дәйім жиын.
Томпитып торсық өрген жүз таспадан,
Өнері қазаққа үлгі Бәйінжінің!
Күштіні жатырқаса, бөтен жерлер,
Шалқымай ма, міндеті өтелгенде ер?!
Тілеуке дамолла мен Серік еді,
Бәстесіп, мінген атын көтергендер!
Қытайға ұран болған Серік палуан,
Өзіне қайда барса, сеніп барған.
Жаурын тек өлгенде тиді жерге.
Кезі екен жетпіс жасқа келіп қалған.
Қоштасып, он неше жыл шығар жолмен,
Жеген соң, абақтыдан біраз жөргем...
Рағаң1 Аягөзде алып, салған,
«КРАЗ»дың маторларын сыңар қолмен.
Немере Тілеукеге2 Нұркен3 – күйші,
Қазақта сирек ондай үлкен күйші.
Рағаң Тілеукенің бел баласы,
Ғабеңше4 бұрқырайтын... жүргенде исі!..
Көретін құпияны алыстағы,
Қазыхан5 да қазақтың данышпаны!..
Кешегі Советқазы Ақатаев,
Адамның емес пе еді арыстаны?!
Өнерде Жолжақсының Досқаны бар,
Тұлпар түбін... бәйгеге қосқан ұғар?!
Қадірлеп, қастерлейді қазақ түгіл,
Сонау, сонау Душанбе, Оштағылар!..
Осында Қуантайдың Нұржаны да,
Өлеңді жазып, жинап күн жағына...
Қиялап, ғылымын да қуалайды.
Әмір жоқ күндіз-түні бір жанына!..
Айтайын, қайсы бірін өнерлінің,
Қат-қабат түрін көрген кедергінің?!
Жалынбай, жалпаңдамай әлдекімге,
Жасайтын өз бетімен келер күнін!..
Сілтеме:
1. Рахметолла Наурызов – көп өмірі абақтыда өтіп, аренаға шыға
алмай қалған, теңдесі жоқ күш иесі
2. Тілеуке Наурызұлы – палуан әрі діндар
3. Нұркен Наурызов – белгілі күйші.
4. Ғабит Мүсірепов –
5. Қазыхан Емілбайұлы – атақты астроном. Самарқан университетін
бітірген, жоғалған нәрсені оқып, дереу табатын білгір.