Ақын аруағына
Ән мен күй өлең сені
Қоя алмаспын...
Қасым Аманжолов
Көрмегенің жоқ еді-ау, сенің-дағы!
Алғамын жоқ бағам мен демімді әлі...
Тәтті әуен тіл үйірер жырдан басқа,
Аузыма татушы еді ненің дәмі?!
Өсиет ұсынғандай әке-бабам,
Құйған ғой құлағыма Тәкен* ағам.
Сұңғыла өсіп, сұмпайы өшеріне, Әр
дәуірден мың мысал әкеле алам.
Көрсетсе, тұрпайы топ өктемдігін,
Төнып төр төрт томыңда теккен мұңың.
…соны сезіп, Мәскеуден жарқ еткізген,
Мұхаңның** да кеш білдік өткен күнін...
*Т.Әлімқұлов
*Мұхтар Әуезов
Қай-қашан қасиетті, Қасым аға,
Ақынды әңгүдігі басына ма?
Жүйкеңді жұқартқанның көбін көрдім,
Іші – тар, іргесі – жұт, басы – қара.
Күншілдер күйлесе, текке күліп,
Еркіңе еліктеп ем шетте жүріп.
Қиылды қиянаттан талай ақын,
Тікендей қытығы жоқ бетке кіріп...
Ел болдық сүйте-сүйте шүкір Алла!
Аруақ болсаң, көңіліңнің құтын арна!
Бірақ әлі қазағың оңалған жоқ,
қыр соңынан қалмайтын жұты бар ма?..
Төебемізге тәуелсіз ту орнаған,
Көре алмаса, көкиіп, күлер надан.
Бірақ осы он жылда байқағаным,
Жөрт жүдеді егіндей суармаған.
Естісін ескермейтін халық бар ма?!
Күмбез қойдық, ас беріп, алыптарға.
Алаш түгел ақталды, өшкен жанып,
Адамға медеу екен тарыққанда.
Жүйрік ем жүлде алатын қосқан күні,
Жұртқа аян тұрпайы топ тосқандығы...
Жетеді кемістік те, жетістік те,
Бірі соның баспасөз бостандығы.
Өнерді сауда-саттық таптап кетті,
Жоқ-жітік Алматыға қаптап кетті.
Менше оның себебі ең алдымен,
Иттен ұят, қазаннан қақпақ кетті..
Жыландай жұрт мойнына оратылып,
Асқынды неше алуан сорақылық.
Байлар ұрлық ақшасын шетке салды,
Мал бақтырмай, қаншама қора тұрып.
Тауда суыр, далада қарсақ қалмай,
Көп ауыл күйреп кетті жау шапқандай.
Қасқыр күндіз үйшіктен ит аулады,
Өзге түк таппаған соң, жан сақтардай.
Жұрт қамалып, қара нан, қара суға,
Сәби мен қыз сатылды нанасың ба?!
Ескі қытай қорғаны орнағандай,
Халық пен ауқаттының арасында.
Асқынған бұл кезеңнің бейбастығы,
Көршілерін, танысын жей бастады...
Көшеде жұмыссыздар, қайшы алысып,
Амалсыз ел тонады кей жастары.
Серіні күйеуіндей ұрын келген,
Күтетін өнеге жоқ бұрынғы елден.
Төлеужен, Мұқағали, Жұматай да,
Тек қаламақысымен күнін көрген.
Шынын да шешілмесе, қаламақы,
Он жылдың ойланарлық ғаламаты.
Алты малтаны ас еткен аталардың,
Қанымызда қалды тек қанағаты.
Билікке, саясатқа қатысым жоқ,
Бірақ, өлең, өнерде нағышым көп.
Қабырғасын жапқан жер көрдіңдер ме
Ақын мен жазушының ақысын жеп?!
Әр ненің ойлаушы еді алғыр түбін,
Қайтейін, қандастардың қайғыр туын?!
Өзгесі үнсіз, Мұхтар* мен Амангелді**,
Жамайды қаламдастың қай жыртығын?!
Ағытса, көркем ойын киелі үнмен,
Есті еріп, лебізіне би егілген.
Сал-сері сарқыты ек қой, Қасым аға,
Сөз өтпей, көз өте ме сүйегімнен?..
Қатерден қаймықпасын кім бұрынғы?!
Қолдай гөр жақсылыққа ділгіріңді!
Ақанша бас өңгеріп қайтпау үшін,
Тапсырдым аруағыңа шылбырымды!..
* М.Құл-Мұхаммед
** А.Ермегияев
2001 жыл