27.08.2022
  139


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Шәкерім қажыны жоқтау

(әуені бар)



Бірінші бөлім



Жұртыңа қорған едің, көшелі едің,
Жаныңды жапырақтай төсеп едің.
Қатықтай ұйытатын қаймананы,
Ұлтыңның рухани көсемі едің.
Әлемнің айтысардай төресімен,
Білімді, білгір едің, өресі кең.
Қазаққа қажеттіні анықтаған,
Пайымы Фарабидей философ ең.
Сазгер ең, ақын едің ағып тұрған,
Әуенің жетті-ау, шіркін, талып қырдан!..
Жалықпай, жарамсақты көрдің қайтып,
Адамның көзін қардай қарықтырған?!
Отыз жыл күннен көмес… айдан ада,
Кептеліп құр құдыққа айдалада.
Киімшең кеткен шайт санатында,
Жаттың-ау, жаназасыз, қайран аға!


 


Екінші бөлім



Сұм заман, сұрқай заман, сұмдық заман,
Кімің бар іштен тынып, қынжылмаған.
Кәдедей кәмпескеден байтал тисе,
Қуанып, ілуде біреу құнжыңдаған.
Ұлығы бар пара алса, жылмыңдаған,
Бұлігі бар, төбеттей шынжырлаған.
Бақсысы бар, ел ақтап, қылжыңдаған.
Сақшысы бар, сауатсыз ыржыңдаған.
Биліктің Голощекин бас жағында,
Қырғын бар «жобасының» астарында.
Су бүркіп, сүмелектің қолтығында,
Қорлайды жетеліні қас-қағымда.
Атаның касиетті салты қалып,
Әумәсір атқа мінді, халқы налып!
Қараны ақ дей салды, ақты қара,


Ақша алып, жөні келсе, алтын алып.
Менсінбей, әнгүдігі пайғамбарын,
Құрыды топ-тобымен қайран, дарын!
Қолын көзір, сирағын кісен қиып,
Үзілді, байлар аңсап айран дәмін…
Тірідей бірін көмсе, терең көрге,
Мыңын айдап, қатерлі деген жерге.
Қаймақтай қалқыған ғой, қаныпезер,
Індетше келген кілең кемеңгерге!
Шындықтың үні шықпай, шыбын құрлы,
Адалды арамзасы ұрындырды…
От жағып, тату-тәтті арасына,
Бүгін жау болып шықты бұрын құрбы.
Қалған жоқ, істе маңыз, сөзде дауа,
Тұту шарт жатты жақын, өзгені аға.
Біреуге біреу сенбей, қашып, шошып,
Күдікпен көлгірсиді көзге ғана.



Үшінші бөлім



ГҮЛНӘРДІҢ ДАУЫСЫ
(Шәкерімнің қызы)
Ауысты-ау, күнім, түніме,
Опасыз неткен дүние?!
Аузыңды бағып, антұрған,
Ақыры жетті-ау, түбіңе?..
Бар қазақтан асып ең,
Өнерге өле ғашық ең.
Түн қатып келгіш дүмшеге,
Несіне сырды ашып ең?!
Намыссыз, нәрсіз сатқындар,
Сілесі серттей қатқырлар!
Аққудан таза әкемді,
Аямай, қалай аттыңдар?!


Тілеуін құдай бермегір-ай!
Кеудесін қайғы кернегір-ай!
Тұқымы тозып, тұқырып, Тіліне
есті ермегір-ай!
Менен де бетер зарлағыр-ай!
Озбырдан басқа қалмағыр-ай!
Көрінген бетке түкіріп,
Төңірегі түгел қарғағыр-ай!..
Төртінші бөлім
Сабыр, сабыр, құдайға мың шүкірлік,
Аспан ашып, төбеден түн сыпырдық…
Ақордаға жарасып, жасыл жалау,
Тәуелділік торынан шын сытылдық.
Іске асып, Шәкерімнің ойындағы,
Қазақты бүкіл әлем мойындады.
Кімде-кім басқарады өзін-өзі,
Біреудің міндет емес тойынбағы.
Тарғыл тарих, кешегі дертіңді ұқтым,
Бүгінгіңе сендім де, серпін күттім.
Жалпыдан жалғыз ғана тілейтінім,
Қадірін білу керек еркіндіктің!



1998 жыл





Пікір жазу