27.08.2022
  182


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ахмет қажы

(А. Яссауи туралы баллада)
Ясыдан қанша кітап парақталып,
Ізденген перзент екен талапты анық.
Артынша айналаға сәуле шашқан,
Қылыммен қаруланып, қанаттанып.
Най тартып, шарбат ішпей, шарап ішкен,
Сескеніп, бой тартады харам істен.
Зорлыққа – зомбылыққа көндіге алмай,
Иықтасып қалады қара күшпен.
Тілгілеп надандықтың туырлығын,
Қағілез жолын қуған ғұмырлының.
Бегімен Самаркенттің келісе алмай,
Тастайды медіресе мүдірлігін.
Іздемей пана – тұрақ еру елден,
Қайдағы тілдескендей перілермен.
Қолына таяқ ұстап, ілеседі,
Көз жазбай, қоңыраулы керуеннен.
Сол беті сапары ұзап, кете барған,
Жыл жүріп, айлап жүріп, Меке барған.
Өмірі қиянатқа бетін бұрмай,
Сопы ғой биігінде жеке қалған.
Аттанған Жәлменділер, Фарабилер,
Онда жоқ дейсіздер ме, қаралы үйлер?!
Көңілін қалдырған ғой ғұламаның,
Дәндеген елді тонап, бәдәуилер.
Кеткісі келген сонда елге суыт,
Жататын емін-еркін кең көсіліп.
Құрма жеп, зәмзәм ішіп жүргенімен,
Бар екен мұнда-дағы пендешілік.
Сейілдеп Мұғаллахты, Қағыбаны,
Келген соң құдай жолын танығалы.
Осында қол қусырып, құрбан шалып,
өтемек қажылықтың қамын әлі.
Білгенше, тәңір жолын таза танып,
Шәйіт боп кетті әлде кім қаза тауып.


Ахмет сауап үшін бәрін өтеп,
Оралды туған жерге қажы атанып.
Ешкімнен ақыл-кеңес сұрамаған,
Жиһанкез әрі шайыр, ғұлама адам.
Алпыс үш жасында еніп, хлуетке,
Әйтеуір өзіне-өзі ұнамаған.
Елемей, маңайының жоқтағанын,
Қараңыз қандай ойға тоқтағанын.
Жасырып пенде жүзі, күн көзінен,
Ұғынды ел өзін-өзі соттағанын.
Көз алмай, сүрелерден, аяттардан,
Жазған ғой, ештеңе жоқ таяп қалған…
«Диуани хикметті» бітірген соң,
Өмірі жер астында аяқталған.
Артық қой қияпаты дәрістен де,
Ахаңнан басқа мұны жан істер ме?!
Пенделер өзін өлшеп жүргені жөн,
Осындай теңдесі жоқ намыскерге.
Түсініктеме:
Ясы – қаланың аты.
Най – хорхордың түрі.
Мүдір – директор.
Жәлменді – Жетісудың атақты биі, сүйегі Меккеде.
Мұғаллах – Меккедегі тіреусіз тас.



2000 жыл





Пікір жазу