Тамаша
(С.Тұрысбековке)
Қыдырдай дарып, қиырдан танып дегдарын,
Тойлатса патша, ойлатқаны ғой ер қамын.
Қайшылығы көп, таршылығы дөп кезеңде,
Ұсынған екен жомарт көңілінің төр жағын.
Басыңда бар-ау, затында бар-ау серілік,
Жүргендер қанша кемеңгер жанын кері ұғып?!
Тамаша-ақ екен, жарасады екен бәрі де,
Боразданды бүлдіріп алма, еліріп!..
Сарнаған жырдың, зарлаған қырдың мәніндей,
Оңалса, тірлік-әлемге үлгі, тәлім ғой.
Даралық керек, жаңалық керек күн сайын,
Бекболатымның қобызға қосқан әніндей.
Кешегі өлең бүгінгі күнге көнерген,
Отауың көшсе, қос атпен қуар көрермен?
Өнерлі аз да, Өлермен көп қой өмірде,
Қайда жүрсең де, Өнермен көрін, өнермен!
Жігіттің пірін ежелден шаршы топ сынар,
Бәйтерек болмас, күтімін көрмей, көк шынар?..
Жер бетінде сені мұндай ұғынған,
Сегіз қырлы, сері патша жоқ шығар?!