26.08.2022
  143


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Нүсіпхан-хисса

Қиып алған, хиссадан Нүсіпхан атың,
Тұлпар болды-ау, тұяғы қышып шабатын!
Балық аулап, доп қуып, асық атып,
Бақтыда өтті балалық ұшып-қонатын.
Ақкөңіл ең, әккіге түсіп қалатын,
Көрші көрдің, тойға да ішіп баратын.
Ондайлардан сырт жүріп, сырнайлатып,
Жігіт болдың қызға көз қысып қалатын.
Іздемей-ақ біреудің пысықтап атын,
Орайың бар, оқуға түсіп те алатын…
Бір көргеннен тек қана Бибігүлге,
Әдет бітті қолға гүл қысып баратын.
Табылмастай көзі сәл қысыққа қатын,
Жолын бақтың екі жыл, пысықтап атын.
Боксерлықты үйрендің, қорғау үшін, Бір
пергенде қалпақтай ұшып, талатын.
«Ыңқ» еткенге арбаңнан түсіп баратын,
Дәрігерге айналды Нүсіпхан атың.
Ақ киінген мамансың ақша жағын,
«Ине – тебен» әркімге пісіп табатын.
Тойтарылып, тіліңді қышытқан ақын,
Бастық болдың, жағымпаз құшып қалатын.
Ал сонда ерке науқас болған жоқ па,
Еміңсіз-ақ, деміңмен ұшықталатын?.
Бетің жүріп, әмірің пысықталатын,
Мекемеңнен қуылды ішіп баратын…
Мұрындыға ұрынбай, біз сияқты,
Қыз алдың қайда апарсаң, пұшық табатын.


Астанадан бұрқ етіп Нүсіпхан атың,
Табыс таптың қазіргі ең пысық табатын.
Көлік міндің, үй ұстап көк төбелі,
Қақпасына шынжырлап, күшік бағатын.
Жемісі көп, бұтағын қысып таңатын,
Мақаншы жақ шет еді ол күшік бағатын.
Арнайы тоқты-торым көтергендер,
Сопаң етіп, тұсыңнан түсіп қалатын.
Басқа болса, кісімсіп, ісіп қалатын,
Бір курортты биледің, Нүсіпхан ақын.
Пәтер тиді қаланың ортасынан,
Балконына көгершін ұшып-қонатын.
Арақ берсең, адамды ішіп қабатын,
Кұшік қалды, күн туып пұшық бағатын.
Енді ойлан, баяғының шалы емессің,
Тоқал-поқал алмаса, үсіп қалатын!..
Шапан киіп, ат мініп, ішік қағатын,
Көмбе ілгері тақымды қысып қалатын.
Кетілмесін қанатың, қауырсының,
Жүлделі жүзге үкідей ұшып баратын!





Пікір жазу