26.08.2022
  76


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Әулие

Қажытай Ілиясұлына



Мен де кеше көк балауса өскін ем,
Сізге келіп, сізді көріп өстім мен.
Досы ғой деп Жұмағұлдай Шораның
Жыр тұсауын сізге әкеліп кестіргем.
Бүгін енді ұшқым келсе ұшамын,
Жүрегімде тербеп жыр мен құс әнін.
Атына сай заты асқақ болсын деп,
Ұлымның да сіз кестіңіз тұсауын.
Құмырсқадай шымырлатып, шымшылап,
Сөйлесеңіз дос та әзер тұр шыдап.
Сүлейменов Асқар құсап кешегі,
Аузыңыздан аппақ-аппақ гүл шығад...
Домбыра алсаң жанға тыным бергендей,
Тұңғиықтан інжу-маржан тергендей.
Алматыны әлдилейді бір әуен
Тәттімбеттің өзі көшіп келгендей.
Тамсанғанда қазақ солай күйіңе,
Бойжеткендер көз қадайды сүйіне.
Қалам алсаң қазақы сөз тіріліп,
Ілияс боп тебіренер дүние.
Толқын жетпес жағалаудай жаныңды,
Бізге ұғу қиын боп тұр мәніңді.
Еш пендеге зияны жоқ зиялым,
Баяғының әулиесіндей кәдімгі.



Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ,
Мемлекеттік «Дарын»
жастар сыйлығының лауреаты





Пікір жазу