Қайран, шәке!
(Ш. Қалдаяқовқа)
Қанбады құлағымның құршы ғана, Не
деген терең едің, сыршыл аға?!
Тепсінсем, тебінгідей құлағы бар,
Бейнеңді бедерлейтін жыр шыға ма?!
Сығанды сен де білдің, мен де білдім,
Сығандай жаны ашиды елге кімнің?..
Көбінен айырылдым-ау, қапылыста,
Басыма көштей шулап келген үннің!
Қайран ән, қайда жатқан, күтіп көпті?!
Тыңдаса, жадырардай, бітіп кекті…
«Теріскей, Серенада» бойды билеп,
Еріксіз көзімнен жас ытып кетті.
Жайыңды шын тілеулес достан ұқтым,
Өмірге сені іздемей, бос налыппын.
Қоздырды-ау, делебемді «Сербиянка»,
Таспасынан Серікбай Оспановтың.
Зәуіде әйел – шайпау, ер-қияңқы,
Соларды жұмсартатын «Сербиянка».
Қоссақ қой домбыраны мандалинге,
Шіркіннің шығар еді енді даңқы!..
Дариға-ай, дарыныңа таласар кім?!
Алдында аруағыңның аласардым.
Сырласпай, жөніңді айтып, тым құрыса,
Жаныма жазылмастай жара салдың.
Ойласам, өміріңнің азап бәрі,
Данасың қайталанбас қазақтағы.
Елеусіз, ескерткішсіз қалуың да,
Басымды отқа үйіткендей азаптады.
Арыста, Алматыда, Түркістанда,
Түкірдім сенімен бет жыртысқанға.
Жақсыны жаман-жұтық билеп, төстеп,
Бұл пенде не табады қырқысқанда?!
Амал не, боп кетіпті болар ісің!..
Көңілді жұбатар ма қола мүсін?!
Келді екен, қанша сазгер жер бетіне,
Қайран, Шәке, бәрінен жоғарысың!
Түсініктеме:
1. Оңтүстік Америкада «Сербиянец» деген ел тұрады. Шәмші
мандалинге ойнап, жаздырған осы күй – сол елдің қыздарының биі. Мен
оны бала кезімнен домбырада ойнаған едім.