Қабдеш хақында
Ұлтыңды қолдап, басынан бір сөз асырмай,
Тік жүргендейсің кемінде екі ғасырдай.
Жердің шарын жұмыртқаша шайқадың,
Құйының әлі, күйігің әлі басылмай.
Торғайдай тозған туысқаның жазылды-ау,
Кең маңдайыңа қазақы ердің қасындай.
Бәр-бәрін соның қапысыз қашап үлгердің,
Қасиетін де, қасіретін де жасырмай.
Арындап ойлап, қаның да қайнап қарадай,
Қамығушы едің ішкен ас бойға тарамай.
Жұртыңның жүгі қаншама ауыр болғанмен,
Қайыспай тарттың, майыспай тарттың, нар аға-ай!
Шеніңе келмей, шелиетіндер толып жүр,
Шылауыңа да, қылауыңа да жарамай.
Кісіліктің шырағы жанып басыңнан,
Жосылып бердің алды-артыңа қарамай!..
Тындырған ісің керіні бері бұрғандай,
Адамын ақтап, арманы түгел ұрғандай.
Атақтың бәрін сыпырып алдың қаламмен,
Сөз салмағы безбенделсе, құр қалмай.
Шын данышпан данышпанға тарта ма,
Айнымайтын мазмұн қандай, түр қандай?!
Есі барға елестейсің барыңмен,
Мұхтар болып қайта туып тұрғандай!..
1996 жыл