Ағаға арнау
(М.Базарбаевқа)
Қайнардай тәліміңнің таныс дәмі,
Армандай ағайым ең алыстағы.
Жайлаудай жаныңды ұқтым танысқалы,
Айбардай аз ұлтымның арыстаны.
Тарландай тарпынатын жарысқалы,
Мәрмәрдай тұр-тұлғаңның намыс бәрі.
Маржандай алармын көп дәрісті әлі,
Қарманбай қайтем шабыт тағы ұстады?..
Жандардай жайы бөтен Марстағы.
Тар маңдай талай дүмше алыстады…
Жайраңдай құшақ жайдың қауышқалы,
Айбардай қазағымның арыстаны,
Сайрардай ақыныңның жабысқаны
Қайрардай тақырыбын дәл ұстады.
Сармаңдай татар салған дауыс жағы…
Армандай дастан еді тауыспағы…
Барғандай соңғы сертке нан ұстады.
1981 жыл
Қолжазбада «Мәрмәрдай тұр-тұлғаңның намыс бәрі» деген жолдағы
«Мәрмәрдай» деген сөз «ай маңдай» деп алынған. «Айбардай қазағымның
арыстаны» дегеннен кейін «Сайрардай ақыныңның жабысқаны, Қайрардай
тақырыбын дәл ұстады» деген түсіп қалған екі жол қосылды. Соңында
9.06. 1981 жыл деп күні қойылыпты.