25.08.2022
  116


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Қабеңнің қалпы

(Қ. Мүсреповке)
Тумысы – маңғаз, келбеті – кесек, маңдайлы,
Қимылы – кербез, тынысы – күй талғайды.
Көзілдіріктің қара күреңін кимесе,
Басқасын тіпті тегін берсең де алмайды.
Дұниенің ұсақтығынан бейхабар,
Біреуге мал, ал біреуге жан қайғы.
Қиғаштау қасы болымсыз ғана түріліп,
Нәрлі ойыңа еңсерілсе, бұрылып.
Ары қарай жауабында жататын
Төгілген зердей, жеті қат жердей ірілік.
Мысқылымен күлдіргенде маңайын,
Кететіндей өлген адам да тіріліп.
Киініп мұздай, шашын тік жарып шекеден,
Жұпары аңқып, мұрынды жарса не етер ең?!
Шаршы топтан суырылып сөйлесе,
Бағытыңнан бұрылып та кетер ең.
Жазушылар қолдап, қоршап алатын
Қабеңді күнде келгендей-ақ Меккеден.





Пікір жазу