25.08.2022
  121


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ұлыстың ұлы күнінде

Хас өнер қаршадайдан желіктірдің,
Ендігі серпініме сеніп кірдім…
Әлеумет, топ ортаңа, той үстінде
Жалынып, шақырған соң келіп тұрмын.
Нұр жаусын ішіндегі талаптыңа,
Дұние кең емес пе қанаттыға?!
Көруім осы-ақ шығар қозғалысты
Отырған көсемдері абақтыда.
Бұйыртып жамағаттың татқан асын,
Қой жылы қыдыр дарып, бақ қарасын!
Асынып баяғыдай садақ-сайман
Білсем бе, балалардың ақ-қарасын?!.
Наурыз таңы әбден атқан мейрам,
Халықтың қас-қабағын баққан мейрам.
Саяси саудагерлер сатқандықтан
Алпыс жыл абақтыда жатқан мейрам.
Бабамның ардақтаймын ірілігін,
Ежелгі ережелер сырын ұғын!..
Түрмесіз һәм дүресіз ел тоқтату –
Ежелгі дағдысының бірі мұның.
Билері ел мұратын ақылдасқан,
Батыры найза сүйеп, ашу басқан.
Кек қуып, ел шабысқан ауылдар да
Ұлыстың ұлы күні татуласқан.
Қолдарын батыстырып қызыл қанға,
Екі жақ серттесетін үзім нанға.
Дегдары жүрмейтін бе жамап-жасқап,
Ел іші әлде неден бұзылғанда?!
Өмірді өткізбесең залымдарша,
Бетіңді танытарсың бағың жанса.
Жүйкені жұқартатын кедергі көп,
Еңбегің жалпақ елге танылғанша.
Көргенсіз, соттаған ғой мерекені
Мына біздің Мұхтар мен Қалымжанша.


Кім ұтты, бұл пәниде ұтылды кім? Ажары
артық шығар күтімдінің.
Ес болса атқа мінген жігіттерде
Жұртының ойламай ма бүтіндігін?!
Туысың, араз-ашты досың қайда?
Ағайын өкпеңді өрте, осындайда!!!
Ұлыстың ұранымен ұшықтасам,
Ұрпағым үйіріне қосылмай ма?!



2003 ж




1.Мұхтар Әблязов, Қалымжан Жакиянов





Пікір жазу