25.08.2022
  158


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ақын әкім кеткенде

Уыс-уыс өрікті басқа шаққандай,
Кәрі-құртаң қыңжылды, жас та шаттанбай!
Жалғыз ақын әкімді тайдырдық па,
Қылпылдаған қылышты тасқа шапқандай.
Алатауды ән кеулеп, өлең үйіндей,
Ой түсірген әлемге көне күйімдей…
Астаналық әкімдер ақылға сайып,
Сол жігітті пір тұтқан төбе биіндей.
Қолтығынан қоғамның сүлік тергендей,
Құлайтындар өрледі іріктеу көрмей.
Сол жігітті тайдыру шамыма тиді,
Бар қазақты жауына жығып бергендей.
Намыскердің бет-аузын бос тырнағандай,
Құлагерін бәйгеге қостырмағандай.
Сол жігітті ұшыру ұят-ақ болды,
Бұқараны қорғайтын посты ұрлағандай.



1995 жыл





Пікір жазу