25.08.2022
  95


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Болыспасам…

Жанымды түйетінім-шүберекке,
Бәлкім, артық тамырлар бітер ерке.
Жері бай, жемісі көп жерұйықта,
Сүрініп жүрем ылғи тікенекке…
Жылпосқа ұяттылар өгей бала,
Өнерді өлтіретін көмей ғана…
Қалтақтап,қолы-басы, жолақыға,
Түйілген он теңгесін төлейді ана.
Бұршағын, стакандап шемішкесін,
Жетіссе, қарт мұндайды неге істесін?!
Езуінде сигарет жап-жас қыздың,
Сенделеді, ішкен бе, ел ішкесін?!
Жетесізді қолпаштап, елпектеген,
Көкке шығып барады тер төкпеген…
Бір жігітке бесеуі жабылып жұр,
Еркекті қорлай ма екен еркек деген?!
Төкпеген абыройды соғыс қашан?!
Кіжіне бұл ұмтылды, оны ұстасам,
Арашаның аяғы қызық болды…
Мылжалап кететіндей болыспасам.





Пікір жазу