25.08.2022
  80


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Алушы – жазушы

Отыз жыл жұмыс бабын пайдаланып,
Шолтаңның шулатқаны – айдан анық
Сықпытын сызғандаймын сол себепті,
Қаламды бетон бетке қайрап алып.
Бірақ мұны тағы сол иемденсе,
Ойпыр-ау, күн көреміз қайда барып?!
Жазғанын жаудай жайпап маңайының,
Бітімге сабылтады ағайынын…
Жоғалса қырдан тымақ, ойдан бөрік,
Осында тамтығы жүр талайының.
Тезегін бықсытқанмен біріге ме,
Қоспасы – қаңылтыр мен қалайының?!
Меңгеріп, кей қылығын ұрғашының,
Тосады көрінгенге құр қасығын…
Тойына ұлы ақынның тарту етті,
Еңбегін иемденіп, құрдасының…
Жесір шал, көпті көрген ол баяғы
Келін айтса, күні үшін, қол қояды…
Онсыз да жүйелесек жолсыздықты,
Шөмішке тірелетін болды аяғы.
«Мың бір түннің» Дәлетілмақталы – анау!..
Бұл қазақтан туған жоқ ондай әлі!..
Түйсінбей, тосып тағы құр қасығын…
Атынан кітап шықты бір басының…
Дақбыртын дабырайтып газеттерге,
Ұрының көріп пе едің тұлғасуын?..
Іргеңе сүйегімді сүйреп келдім,
Мұңымды, мұқтажымды біл ғасырым!..
Мешкейше иесі жоқ малда қалған,
Әлгінің бәрімізден алғаны – алған!..
Өзіме сілтеуін көр, өз сөзімді:
«Бақытты бақа» деген балладамнан…
Абайдың өлеңінше «қор болды» ғой,
Әсеттей «Қайран тілім балға малған!»
Балпаңдап баса берсе, қонышынан…
ұрының не шығады онысынан?..
Құйрыққа түскен құрттай майлы орынды,


Тапты да… көше салды қонысынан.
Орысша шала білсе, мөр ұстайтын,
Кем бе осы – баяғының болысынан?..
Баладай бағананың басындағы,
Ол – «биік» жерде сөздің асылдары!
Таңбадай тасқа басқан жыр қашап жүр,
Алдырып ақындардың ашынғаны.
Әлемнен кездесер ме бізден басқа,
Авторды алушының басынғаны?!



2000 жыл





Пікір жазу