25.08.2022
126
Ақын әлпеті
Бақыт шығар, болса егер санаң үстем,
Ештеңе тындырмайсың қара күшпен.
Жалғанның жалғандығын сезіп, біліп,
Ежелден есті шайыр шарап ішкен.
Сөгеді, біреу оны табалайды,
Есіркеп, қабағына қарамайды.
Сәби ғой нағыз ақын бүкпесі жоқ,
Есеппен жанға жала жамамайды.
Көз салмай, дүниеге кемді күнгі,
Солар анық ойлайтын елдігіңді.
Залалын замананың бұрын айтса,
Құрметтеп, көтермекпіз енді кімді?!
Адамның ақын деген сезімталы,
Сондықтан, жақпайды оған сөз ұнтағы.
Іркілмей, айтатынын айтып салып,
Ұстайды емін-еркін өзін тағы.
Көкейде саңылауы жоқ затыңды ұғар,
Жаманға жақын жүрсең, шатылдырар.
Мезгілдің тамыршысы ақын ғана.
Сол үшін әспеттейді ақылдылар.
1999 жыл