25.08.2022
  114


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Кәкеңнің қалпы

Қоқиқаздай қолаттың төріндегі,
Жемнен басқа көзіңе көрінбеді…
Жетесізді жетелеп, жала жаптың,
Үйретпесін адамға өмір нені?!
Қарызынан бейуаздың құтылмассың,
Кебініңді берсең де көріндегі?!
Жүгінерсің байыздап, арға қашан?
Ас батпайды біреуді арбамасаң.
Жиеніңді желкеге шығарғанмен,
Істің ығын білмейді балғаласаң.
Несіне айтысамын айыбыңды,
Бетіңе баса отырып, сарнамасам?!
Сыбайласың әйтеуір жемді білсе,
Кербезсіп, кердиесің кеңгуруше.
Қуғындап, құтайтпап ең дарындыны,
Несі бар, ісіңе жұрт енді күлсе?!
Ініңе кіріп алып, шықпас едің,
Осындай ерегестен ел бүлінсе!..
Сайлаған, қайрағаның тілдіні ілсе,
Қағасың қанатыңды пингвинше!..
Пәлеқор паналайды қолтығыңды,
Жып-жылы жерұйықтың кіндігінше.
Кабинет – қабақхана, кім қынжылмас,
Мешітке ішіп алған жынды кірсе?!
Бір момын арандалып, тек түнерсең,
Аққа да қара бояу төктің өңшең.
Ойлансам, өмір бойы сыйыспапсың,
Білімі, білігі бар беттімен сен.
Үрейің ұшатұғын жалғыз ғана,
Жайдары, жаны – таза сотты көрсең.
Ту тұрып, түспегенмен арай мұндай,
Бетімді бұлай бұрғам, олай бұрмай
Бас аман, бауыр бүтін, шүкір, Алла,
Сауығын сапырмаспын сарайдың қай?!
Алайда кеп – кеспірің келеді еске,
Талайтын тай – құнанды кәрі айғырдай…
1990 жыл





Пікір жазу