25.08.2022
108
Шойынқұлақ
Түсің жылтыр тәрізді құлын жарғақ,
Жан бағасың қулыққа құрық жалғап!
Сау жерін жаралайсың кінәсіздің,
Бойыңнан қандай өнер ұрық жармақ?!
Сұңқарды жапалақтай күндегесің,
Көрген ел қайтып қана үндемесін?!
Қысылып қылмысыңнан қысқа күнде,
Қыбылжып, қырық алуан түрге енесің.
Жазбапсың, жаза алмапсың өмірінде,
Құмарсың «жазушы» боп көрінуге!
Не қол жоқ, не аяқ жоқ домалақсың,
Пұшпағы болмайтын ба, терінің де?!
Біреудің бағы жанып, беделі асса,
Дереу күйе жағасың неге қасқа?
Пақырсың басы бітеу, шойынқұлақ,
Кірмейтін шекесіне шеге қақса.
1975 жыл