25.08.2022
  144


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Бәкеңе (бәттәшқа) хат!

Өнерлі екі студент. Семейдегі радио-телевиденеге барып, практикадан
өтпек екен. Бұрыннан өзімді аға тұтып, пана тұтып, ара-тұра үйіме де
келіп, кетіп жүретін дарынды балалар болған соң, қалай да бірдеңе істеуім
керек сияқтанды. Ол кезде Бәттәш Сыдықов деген атақты атбегі, сол
мекеменің бастығы болатын. Aры ойлап, бері ойлап сол кісіге жай бір хат
жазып бергелі отырып – аяқ астынан өлең туғаны бар.
Мұндағы жирен дөнен дегеніміз – кәдімгі Оралбек Сарбасов та, құлақұнан деп отырғанымыз – марқұм Бейбіт Құсамбек болатын. Екеуінің со
жолы үлкен абыроймен оралуына себі тиген өлең –хаттың мәтіні былай
еді:
Құрметті, құдіретті Бәттәш, аға!
Міндет артам жақса да, жақпаса да,
Жібердім жирен дөнен, құла құнан,
Сенбесі бар келер деп ат қоса ма?!
Жиреннің жортақысы, жорғасы бар,
Жолаушы нәсілдіні жолда сынар?..
Тұнық су, құнарлы жем, күтушінің,
Бәрі де құзырыңда, қолда шығар?..
Ол өзі кенже туған құлын еді.
Шарғалау , тайынан бас біліп еді.
Өзімдей бабын тапса, екеуі де,
Ұзамай, ел аузына ілінеді...
Құласы құлаштылау, арындылау,
Ат жайлы сіз бен бізде таным бір-ау!..
Құнанды тегіс тиып, анда-санда,
Бәйгесін арқалы аттың алып жүр-ау!..
Көз салсаң, сүйегіне бітім бөлек,
Аялаушы ем осы бір құтымды ерек!
Айтқанда қыл-қысқасын, қос тұлпарға,
Баладай мәпелейтін күтім керек!
Күліктің көрсең, бұдан күштірегін,
Күз түсе екеуін де «піштіремін”...
Әйтпесе, өзімсініп іс тапсырар,
Жоқ онда сенен басқа тіс-тірегім!...



1981 жыл





Пікір жазу