25.08.2022
  179


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Атақ

Адамның көріп ұсақ, ірісін де,
Аңыз болдым көзімнің тірісінде.
Жолатпай жырларымды жырыңды топ,
Қанжардай жата берді қын ішінде.
Тоналдым сан ескерткен шешем дана,
Қолымда қаламым мен кесем ғана.
Қымсынбай жазғанымды иемденіп,
Өзіме жөн айтады мешел бала.
Қыртатын бірдеңесін ұрттап алып,
Мұң шағып, мандисың ба қыртқа барып?!
Жапанда жалғыз жортқан жолаушыдай,
Сондықтан, жүрем ылғи сыртта қалып.
Ін қазып, биліктінің кеудесінен,
Аз ба еді шығарғандар елді есінен?!
Жарты бет қағаз жазбай «жазушы» боп,
Құрбының пысық жейді бермесінен.
Кигені бөрік пе еді, папах па еді?
Түйсінер түк көрмеген жатақ нені?!
Өлеңім, әнім, күйім өртенбесе,
Табады қуып жүріп, атақ мені.



1999 жыл





Пікір жазу