25.08.2022
  199


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Жұбайымды жұбату

Асығыс аттай салған ғасырыңды,
Ақын ем адамзатқа басы құнды.
Таптым ба деп танбайтын ғашығымды,
Арнадың маған барлық асылыңды.
Дос-дұшпан, алыс-жақын арасында,
Түсірдің ылғи алшы асығымды.
Әрине, кінәлімін, кеуделімін,
Жаным да жатырқайды жасыруды.
Әкені тыңдамаппын, әйел тұрмақ,
Ешқашан күтпе менен бас ұруды!
Онсыз да аялаймын намысымдай,
Қайтейін, жыр арнамай, ән ұсынбай?
Сәтің көп жабырқасам, жадыратқан,
«Қоңырды» Әбікеннің қағысындай.
Ақыры үй құрадық, жұмыртқаның,
Біріміз ақ, біріміз сарысындай.
Шығармам көтереді қолтығымнан,
Баяғы Шығанақтың тарысындай.
Сырымды білетінге жөнім бөлек,
Алаштың ардақтайтын арысындай.
Кезінде озбыр орып, мешкей қағып,
Өлгендер тірілді ғой, өшкен жанып.
Наданға тізгін тисе, қай заманда,
Түседі жақсы ақынға кештеу-жарық.
Тек қана қабағыңды шыта көрме,
Жүрмеспіз аштан өліп, көштен қалып?!
Өнердің қантамыры түйілгенде,
Кемсеңдеп, кемеңгерлер шешкен налып.
Қажытай қазынасын жоғалтпайды,
Басынан не түрліні кешкен халық.



1989 жыл





Пікір жазу