25.08.2022
  91


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ақынбыз

Өлеңді місе тұтқан кейде туар,
Ақынбыз зейнеті жоқ, бейнеті бар.
Біреумен салыстырсаң қырларымды,
Көзінде қайталанбас бейне тұрар.
Бұлақтай жартас жауып, ақпай қалған,
Ақынбыз өмір бойы қақпайланған.
Ескеріп енді бізді есіркей ме,
Тарихтың дөңгелегі қатты айналған.
Ұлтының ең ғажайып нәрін көрген,
Ақынбыз айтысқанның бәрін жеңген.
Елінің ертеңгісін ойлайтұғын,
Сыйластық қадір білер, қарымды ермен.
Адамбыз берекесі бетте тұрған,
Ақынбыз айту үшін сертке туған.
Тұлпарын томарларға сүріндіріп,
Қазақпыз көкірегі кекке тұнған.
Кейінгі үлгі шаштық толқынға біз,
Жорғалы жолаушыдай жортудамыз.
Білмейтін сөз қадірін жетесізге,
Адамның ең төменгі сортындамыз…



2000 жыл





Пікір жазу