25.08.2022
  109


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Жеке шумақтар

Қылышы, жембасары беп-белгілі,
Сонда да «Тұйғын» дейсің бөктергіні.
Құсбегі әулеттерің түкірмей ме,
Сен осы дүниеден кеткен күні?..
* * *
Көзіңше, қамқорсынып былай тағы,
Қаралап, ту сыртыңнан мін айтады.
Осындай табаны жоқ ағайынның,
Қылығы кейде адамды мұңайтады.
* * *
Тамсанып жазбағанмен бағлан жыр,
Кей мылжың кердең қағып, жадырап жұр.
Қас түйеді қайсы бір қас маңғаздай,
Шімірікпейді екен-ау, тәңір алғыр!
* * *
Алыстап бақыт, қызық, жыр-күнделік,
Кетсем де өмір-бақи сүргін көріп.
Жібекті жүн дейтұғын арамзаны,
Тұрады қаным қызып, ұрғым келіп.
* * *
Өлген соң неге керек құр өкініп,
Тірлікте баға қойсақ, кіл екілік.
Күйік-қой дарындыны қаса-қана,
Қақпайлау қасиетін біле тұрып!
* * *
Ауылдан тентірейсің қалаға кеп,
«Кезігіп жітік-саяқ қала ма?» деп,
Сендірген серт үстінде жан-жарыңның,
Іркілген көз жасынан садаға кет!





Пікір жазу