25.08.2022
  111


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Шекарадағы шекісу

Қызығы ортая ма көп ішінің?!
Жақсының жаманға айтса, сөзі шығын.
Шекара бұзғаным бар жігіттікпен,
Қолпылдап иығымда көк ішігім.
Сондағы бір майордан сөз естігем,
Аспанға көтерем деп Момышұлын.
Меңі бар бетінде ме, ұртында ма?!
Жерден ап, жерге салды жылтыр қара.
Тас басып, таудан асып, титықтаған,
Қомсына қарайды өзі тұр-тұлғама.
Аңғардым жауабынан нәрсіз екен,
Сықиып, сылап жүрген сыртың ғана.
Мен айтқан жылы сөзге жыны келіп,
Бере салды қойыртпақ тіліне ерік…
Пагоны бар, әйтпесе, менменсіген,
Танауын талай қырттың тіліп едік.
Ноқайлығын есіне алар ма екен,
Оқыса, осы өлеңді тірі көріп?!
Адамда арман асқақ, өре бөтен,
Әлі таңмын соған не керек екен?..
Жұмсақтап, Жұмаділов құтқармаса,
Ауыздан ат тепкендей переді екем…
Желкемді жетпей жатып, өзім үзіп,
Кім білсін, қандай бейнет көрер екем?..
Жүргем жоқ байығалы малымды айдап,
Жырымды күйіттедім, әнімді ойлап.
Бәукеңше сан ажалға сүйкеніппін,
Жоталы жолсыздыққа қаным қайнап.
Қас батыр легіндегі Бас батырдың,
Келген ғой осындайлар бағын байлап.





Пікір жазу