Әкел, бері!
Бұлданып сала берме ойға бөтен,
Домбыра алып, жылқыға, қойға кетем.
Себебі, сен сияқты дүмшелерден,
Менен басқа ақын да тойған екен.
Жанының жалынымен
дауыл кескен,
Қазаққа біткен ақын ауылда өскен.
Білмейтін ер қадірін, зер қадірін,
Қыртысым жараспайды жауырмеспен
Халқым бар саралайтын сөз қадірін,
Ақын деген ардақты ат –
тозған ұғым.
Соны сендей мыжғаулар таратады,
Әрдайым «қазатұғын өз қабірін».
Ақшалы жан емес ем, танысқа бай,
Сондықтан-ау, жағыңның қарысқаны-ай!..
Әкел бері өлеңді, орын жоқ па?
Жыбырлап, макетіңді қарыстамай!
Аң қуып сайгүлікпен аңыратам,
Маған ырза Ыбырай, Әмір атаң.
Жасыл жонды жабатын жылқы өсіріп,
Өлеңді де қозыдай жамыратам.
Бөлданып сала берме ойға бөтен,
Домбыра алып, жылқыға, қойға кетем.
Себебі, сендейлерден қырын сынып,
Талай ақын жазуды қойған екен…
1972 жыл
* І.Жансүгіров