25.08.2022
127
Менің шешем
Қоштасып Қызыл ашы, көгерген терекпен,
Менің шешем жиһанкез шетке кеткен.
Кісі өлтіріп, керуен тонамаған,
Өткізген үрейлі күн өткелектен.
Жан тартып, сырласса бір кексе қатын,
Күрсініп туған жерін еске алатын.
Әні бар маңдайымнан сүйіп тұрып,
«Қайран Алтай, Марқакөл!» деп салатын.
Кемсеңдеп айта алмайтын ары қарай,
Байғұсқа тұл өнердің дарығаны-ай!..
Қиық көз, қияңқылау әкемізге,
Ақылшы сияқты еді әрі малай.
Тұрған соң дәмі тартып пақыр жолдан,
Құланша құтылған ғой ақыр қолдан…
Шайқайтын шаршы топты бөріктіріп,
Менің шешем бақытсыз ақын болған.
1971 жыл