23.08.2022
143
![](/uploads/shorttexts/author_image/bb4e7c57ec76bc7d29bf1532679e7398-original.jpg)
Құмарлық-ай!
(әні бар)
Көкейде көлдей көлкіп тұнық жырым,
Өтіпті-ау, арпалыспен қырық жылым!
құмарлық-ай!
Талғам жоқ, таразы жоқ, ырың-жырың,
Тобына қарсы шаптым жырындының,
Көтерген қолтығымнан құмарлық-ай!
Өнердің ұғынғанмен тәттілігін,
Жанымда қатпар-қатпар жатты мұңым.
құмарлық-ай!
Жалғаннан жалаң – жаяу өтсем-дағы,
Тауыппын таппайтынын аттылының.
Көтерген қолтығымнан құмарлық-ай!
Көргем ғой, барлықты да, тарлықты да,
Басымды теңгермедім бар мықтыға.
құмарлық-ай!
Жаңылмай, әнімді айттым азаматша,
Дауысым қар жегендей қарлықты ма?!
Көтерген қолтығымнан құмарлық-ай!
Орнығар өнерлі озбай, ойым қалай?
Тұяққа тұрғысыздың тойынғаны-ай!
құмарлық-ай!
Түрім бар тоқсаныңа тоқтамайтын,
Жүзіңді жүрер ме екен, мойындамай?!
Көтерген қолтығымнан құмарлық-ай!
1999 жыл