Мұстафа Өзтүрікті жоқтау
(әні бар)
Ботам-ай, бұтағым-ай, боздағым-ай!
Қайғымды қай-қайдағы қозғауың-ай!
Тозғандар, тоналғандар жылынатын,
Шоқ едің шоқат-шоқат қоздағыдай.
Ойлым-ай, опалым-ай, ұланым-ай!
Аузы көріпкелдей дуалым-ай!
Ажалға аттай мініп қаншама жыл,
Әуе ашық, жер жазықта құлауың-ай!
Қайырма:
Аңсарым-ай!
Қайтейін, қапы кеттің-ау,
Қайсарым-ай!
Бағым-ай, базарым-ай, бауырым-ай!
Қазаңның жер көтермес ауырын-ай!
Әр елде жүгі жанып, күлі қалып,
Жұлдыздай шашыраған ауылың-ай!
Қыран ең еркін өскен қорғаламай,
Тұңғиық түсті екенсің торға қалай?!
Құсбегі аз, тауықшысы көп заманда,
Қазақтың қайта-қайта сорлағаны-ай!
Қайырма:
Арлым-ау, әдептім-ау, ибалым-ау!
Жанымды жай түскендей қинадың-ау!
Ұлтыңның абыройын асырып ең,
Тайқы-тар маңдайына сыймадың-ау!
Құтым-ай, қуатым-ай, құралым-ай!
Боздамай қалай шыдап тұрамын-ай!
Тамсанған алты құрлық арысым-ай,
Алты алаш атап айтар ұраным-ай!
Қайырма:
Сәнім-ай, саңлағым-ай, сабазым-ай!
Мың жылда бір туатын қазағым-ай!
Жанымда жазылмайтын жара бар ғой,
Қағынса, қайтіп қана жазамын-ай!
Ел шерлі, досың мұңды, үйің нарау,
Ошағың аяқ жетпес қиырда анау!…
Еңіреп «елім-айлап» жетсең-дағы,
Топырақ атажұрттан бұйырмады-ау!
Қайырма:
Қош енді, қош-қош енді мақтаным-ай!
Жатағың жаннат болсын бақтағыдай!
Тыныштық тірісіне береке бер,
Азамат атаулымды сақта, құдай!
Қайырма: