23.08.2022
  96


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ынтызар

(әні бар)
Арнайтындай жаныңның бар жалынын,
Шырайыңнан шын ықылас таныдым…
Тіл жетпейтін белгісіндей бір сырдың,
күрсіндің,
Тыңдағанда сағыныштың сарынын,
зар үнін!
Қайырма:
Тіл жетпейтін белгісіндей бір сырдың,
күрсіндің,
Қандай ғана сезімтал ең жарығым,
жарығым!
Сенем оған, сендіретін сезім ғой,
Мені де жұрт ұғына ма өзіңдей?!
Елес болып бұйра бөктер былтырғы,
мың түрлі,
Бәлкім, сен де жүр ме екенсің өзімдей,
көз ілмей?!
Қайырма:
Елес болып бұйра бөктер баяғы,
саялы,
Бәлкім, сен де жүр ме екенсің көз ілмей,
өзімдей?!
Көрсем қазір көргім келіп қайтадан,
Өзегімді өртеп туды айтар ән!
Қайтқан құстай құшағымнан үзілдің,
бұзылдым.
Қанаттым-ау, қайда барсаң, қайт аман,
қайт, аман!
Қайырма:
Қайтқан құстай құшағымнан үзілдің,
бұзылдым,
Қанаттым-ау, қайтіп қана жай табам?
қайт аман!



1978 жыл





Пікір жазу