23.08.2022
  123


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Қажытайдың келбеті

Тұлғасының табылмас танадай міні,
Толымды жуан, сымбаты – қарағай діңі.
Қылқандай шашы қым-қуыт шашырап өскен,
Құрметтер дос-жар маңайы панадай мұны.
Кісілікке кіршіксіз баладай ділі,
Қанына сіңген қазақтың сара, бай тілі.
Насыбай басып ерінге қызара күліп,
Кеңесі баурап күмбірлер *лабадай үні.
Қиғаштау көздің қиығын көтеріп жауып,
Қызықты сөздің, теңеудің дөкейін тауып.
Айрандай ұйытып ұдайы күлкіге көмсе,
« Тектім-ай» деуге тұрақтар көкейің ауып.
Байырғы батыр, бегінше бай Азияның,
Мұзбалақ балапанынша аяз ұяның.
Тізбекті бөгет, бейнетті бұзып танылған,
Ақсұңқары еді ән-күйі мен поэзияның.
«Ұлттық қасиет, салт-сана өнерге нәр» – деп,
Саз сиқырын, жыр тілін мәнерлеп-әрлеп,
Тіл құдіретін қазақтың таныта жазды,
«Әзіргілер бұрынғы шеберге зар» деп.
Жолына құрып күншілдер қақпан мен тұзақ,
Өнерін бөгеп, бүлдіріп шапқанмен ұзақ.
Сатирасымен сойылдап, мысалмен өртеп,
Сун-уыкоңще** сан тәсіл тапқан ер құж-ақ!
Қырық жылдан қай шағы қайырмай өтті?
Өзіне де, елге жалындай жайдырмай кекті.
Содырлар соққан сорлыны құтқарып талай,
Жұдырық сілтеп, бық-бырт қып айғырдай тепті.
Атбегіліктен жылқының перісіндей боп,
«Шындықты қорғап, күресу борышым ғой» деп,
Өз басы үлгі көрсетіп келеді, нағыз,
Сегіз қырлы қазақтың серісіндей боп.



Дутан СӘКЕЙҰЛЫ
Қытай Мемлекеттік «Тұлпар» сыйлығының иегері.




 


* Лаба – дауыс күшейткіш құрал
** Сун-уыкоңще – «Тасмаймыл» фильміндегі бас кейіпкер





Пікір жазу