23.08.2022
  121


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Інген зары

Артына бала күнің бір қарамас,


Жайлаудамыз, үй алды сынған ағаш.
Не шөкпей, не жайылмай, зарлап тұрды,
Күзелген пұшық інген тыржалаңаш.
Бұзатын ақсақалдың сөзін балдай,
Інгенді есіркеймін көзімді алмай!..
Жабырқап, жайлау сонда құлазыды,
Мелшиіп, қоңыр жартас қожыр маңдай.
Ботасы өлген екен жануардың,
Іздесе, әр адамнан табылар мұң…
Төлі жоқ, тұмсығы жоқ бишараны
Мүсіркеп, обалсынып, қамығар кім?..
Жасаурап, жағал бетті көз жанары,
Қобыздай күрсінтеді боздағаны.
Жаңғыртып, бірден-бірге көтермелеп,
Зарына мұқым жайлау қозғалады.
Солқылдап тұрғандайын табан астым,
Бақытын ойлатпайды қара бастың…
Аяуды әлгі іңгеннен үйрендім бе?
Өмірге жүрексіне араластым.



2000 жыл





Пікір жазу