23.08.2022
97
Жаңа жұртта
Ұясында дөңгеленіп ерке күн,
Құлпыруы-ай, мына жасыл өлкенің!
Мама саулық сақаулана маңырап,
Мүйізі әрең көрінеді серкенің.
Ит солықтап келгендей-ақ шайқастан,
Сая тұтты көліктерді айқасқан.
Суыр үні жаңғырығып қалады,
Маңайдағы қожыр-қожыр қойтастан.
Бір туырлық жабылыпты зорға әлі,
Жап-жалаңаш киіз үйдің төр жағы.
Көкейіңнен мұндай сурет тірілер,
Көшпенді елдің күйін көрсең қордалы.
1970 жыл