23.08.2022
  191


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Көшпенділер көктемі

Төлі туып, жусаны бұрқыраса,


Қазақпыз қадірлейтін жұртын аса.
Мәз-мейрам ауыл сырты асаулардың,
Бірі мөңкіп, біреуі зырқыраса.
Ақ үйлер, қоңыр үйлер, аппақ үйлер,
Ботаға үкілерін таққан үйлер.
Сол кезең, сол кеңдікті саралаймын,
Таласып-тырмыспайтын таққа билер.
Көшкенде түйе ғана артатының,
Ойымның кім ұғынар сарқа түбін?!
Қорқыттан үйренгендей боталы інген,
Қобызын кезек-кезек тартатұғын…
Қонақтың бірі кетсе, бірі келіп,
Сөзі де, қолқасы да іріленіп.
Жылдан есен шыққаны төс соғады,
Қырғыннан жолыққандай тірі көріп.
Бүркіті томағалы тұғырында,
Шолпы, теңге қыздардың бұрымында.
Жорға, жүйрік мінгені жанасалап,
Қара таппай тұрады-ау, ұрынуға!
Жылқышы, мерейі үстем түйешінің,
Түргізіп төрде отырар үй есігін.
Сарыала уыз, сүрі табақ сонда,
Құлынын ертіп берсе, биесінің.
Кигені жасыл мақпал, қара манат,
Күтеді отағасы қадағалап.
Дүбірге кұндік жерден құлақ түріп,
Деренде тықыршиды жараған ат.
Солардың көру бақыт көркін анық,
Бозбала күреседі бөркі қалып.
Босаға бояған жіп, құрған өрмек,
Кергендей кемпірқосақ кертіп алып.
Көбелек, қоңыз ұшқан далада жаз,
Тай мініп, тайынша ұстап бала да мәз.
Сап-сары көйлек киген ақ бүркеніп,
Жеңгелерім сияқты сарыала қаз.


 


2000 жыл





Пікір жазу