23.08.2022
  102


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Қоңыр дөң

Бармысың кит жонындай қоңыр дөңім?
Тұзымды алыстатты-ау, өмір менің!
Келеді құшырлана құшақтағым,
Сендегінің көзіме көрінгенін.
Құйқалы қоңыр дөңім, момын дөңім,
Желписің жер түбінен көңіл көгін.
Суырдай судан шыққан сүмірейтіп,
Сағынам нөсеріңнің төгілгенін.
Орнықты момын дөңім, қоңыр дөңім,
Төліңнің аялаймын көрінгенін.
Жүгіргім келеді ылғи жалаң аяқ,
Кіргізіп табаныма шөгірлерін.
Келіскен кит мұсінде қоңыр дөңім,
Қонжиып отыр екен төріңде кім?
Сетіркей* серпетін кит құйрығындай,
Табиғат қалай сызған со бір жерін?!
Маған да ой түсіп жүр қоңыр дөңім!
Тағуым оғаш екен өмірге мін.
Ортаңғы үй шет болмаса, шеті көшіп,
Осынша үлкендерден кемір ме едің?..


 


2000 жыл




* Маңғолша – кетік, жер аты.





Пікір жазу