23.08.2022
96
Жайсаң
Кемері кілкілдеген құба белге,
Қызығып кім құмартпас мына көлге?!
Жағасы кер бетеге, тегін курорт,
Жайсаңдай жер бар ма екен бұл әлемде?
Көгерген көркі бейне көсегем ғой,
Даңқына құмар болдым кеше көрмей.
Қандай ғажап табиғат, жер шетінде,
Аспанның тұйық басын төсегендей.
Ертеде құлан жортып, нар жүретін,
Ақсуат, Тұғыл дейді арғы бетін.
Бекіре мен құртқаға құныққан ел,
Менсінбепті төрт түлік малдың етін.
Сүйегін арғы атамның жуған көміп,
Толқыннан Тұғылына тұнған көбік.
Тірісінен іздедім ұқсас белгі,
Тобылғыдай түрімді судан көріп…
1971 жыл