22.08.2022
156
Домбыра
Күйдірме, күйдің нарқын елемесең,
Мейлі сен кім болсаң да төбелесем.
Жанымды сейілтетін, сергітетін,
Күйшінің көкірегі ол – неге десең?
Домбыра тәрізді ғой дарқан адам,
Пәниде шер-құмары тарқамаған.
Әсет пен қашқын Мәди қанжығалап,
Мұсасы жаяу жүріп арқалаған.
Ұлының ғой ұқтырған ұлылығын,
Оны ұқпай, неге керек тірілігім?!
Ана жылғы естіген ойлы «Қоңыр»*,
Кетпейді құлағымнан күні-бүгін.
Үнінен қатуланса, батыр Адай,
Жыр қашап, әнін қосқан ақын Абай.
Шанақтан қыран-топан күй бораса,
Қазақтың шыдаушы еді дәті қалай?!
* Ә.Хасеновтың күйі