Ақырзаман
Қожанасырдың жалғыз қойы бар екен. Бір қулар Қожаны алдап, сол қойды сойғызып жемек болады. Қожаға келіп:
– Қожа, Алладан ертең ақырзаман болады деген хабар келді. Мал, дүниенің керегі жоқ.
Бүгін ішкенін ішіп, жегенін жеп бәрін бітіру керек.
Сен қойыңды сой, бүгін жеп кенелейік, - депті.
Қожа бұған нанады:
– Жарайды.
Тек қойды далаға, көлдің жағасына апарып сойып, барлық етін сол жерде асып жейік, - дейді.
Қулар мұны мақұл көреді. Бәрі көл жағасына келеді, қойды сойып, етті жіліктеп, қазанға салады.
– Мен етті пісіре
тұрайын, сендер көлге барып, шомылып келіңдер, - дейді Қожа.
Қулар мұны қостайды. Бәрі киімдерін Қожаның қасына тастап көлге шомылуға кетеді. Қожа олардың киім-кешектерін отқа жағып жібереді. Қулар келіп:
– Қожа-ау, киіміміз қайда? - деп сұрайды.
Қожа оларға:
– Отқа жағып ет пісірдім. Бәрібір ертең ақыр- заман болса, керегі қанша, - депті.