21.08.2022
  208


Автор: Нұрлан ҚОСЫМБАЕВ

ҚАШАҒАН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Қашеке, Қырықкезде үнсіз жатсың,
Дүлдүлімнің қалғаны-ай үнсіз қап шын.
Кәусар жырмен қандырдың жұрт құмарын,
Енді өзіңе ұрпағың жыр тыңдатсын.
Жыр тілімен жеткіздің шер-мұңыңды,
Ақындықпен көрсеттің ерлігіңді.
Өткірлікті таныттың ұлы өнермен,
Өлеңіңмен көрсеттің өрлігіңді.
Жүйрік едің, кезің жоқ жолдан қалған,
Ыза-кегін кедейдің байдан да алған.
Қозы бағып бір күні қалғанда ұйқтап,
Шайырлық Қызыр атты шалдан қонған.
Нар да көп, бұл күндері айыр да көп,
Тал да көп, бұл күндері қайың да көп.
Өңкей клон өлеңші қаптап кетті,
Жаттанды көп, дәл сіздей шайырлар жоқ.
Өлеңші көп осындай көз алдаған,
Міне, осыған қапамын, алаң болам.
Ұлыларға еліктеп кей ұсақтар
Өз жолын ұлы өнерден таба алмаған.
Уа, Қашеке, көп екен көрмегенім,
Кержақтардың міне алман кер дөненін.
 Сөзге тоқтай білетін қазағымның
Ермек қыла бастады енді өлеңін.
Мұңымды айттым осындай датым барда,
Асау көңіл көнбейді тақымдауға.
Мың сан сөздің жаратқан сиқырымен
Әу бастан құдіретімен ақынды Алла.
Алжасқандар шатпағын жаза берсін,
Алдаспан жыр өлмесін ақындарда!





Пікір жазу