20.08.2022
  258


Автор: Талғат МЫҚИ

ҚАБІР ҚАБЫРҒАСЫНА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

(болашақ атынан)
...Қайырлы болсын сендерге,
Бізден бір қалған Еділ жұрт.
Қазтуған
Өмірді тастап, өкініп барам өктемге,
Өлілер ғана өмір сүретін шеткі елге.
Қайғыдан мендей қан жұтқан шығар ертеде,
Қазтуған жырау Еділді тастап кеткенде.
Алдағандай қып жүретін «алтын» бастың да,
Қадірі қалмай айналып кетті тас-құмға.
Жер үстіндегі жерұйығымды аңсап жатырмын,
Жеті атам жатқан жеті қат жердің астыңда.
Жайық – өмірім, егіз ағатын тағдыр ек,
Бұ дүние – бергі, о дүние жағы – арғы бет.
 Соңғы рет күліп Жайықты кеттім талақ қып,
Соңыра мені жоқтайтын ерлер бар-ды деп.
Бағамыз біздің бұ дүние жақта білінер,
(Адамның бәрі Аллаға түбі жүгінер).
...Тағдырым үшін Тәңірді тілдеп жүрмеңдер,
Ей, о-о дүниедегі тілдері ұзын тірілер!
Қабір ішінде қаңсиды неге бұ көңіл?...
Жанды су Жайық жаны барларға жылы өңір!
...Қайырымды жұртым, қайырлы болсын сіздерге,
Тапа-тал түсте Талғаттан қалған бұл Өмір!





Пікір жазу