Арда туған арғымақпын демеспін...
Арда туған арғымақпын демеспін,
Қарапайым халықпенен тел өстім.
Бір басымнан артылады кемшілік,
Сондықтан да мен періште емеспін.
Ел қатарлы қоңыр тірлік кештім де,
Өкпе артқам жоқ берекесіз бес күнге.
Ұнатпасын ұнатпаған пенделер,
Мен де ұнағым кеп жүрген жоқ ешкімге.
Қыз сүйдіріп отқа орады он сегіз,
Сыр шертістік өлкемізге келсе күз.
Болғым келген жоқ бірақ та ақылды,
Тағы ақымақ бола алмадым...
Сенсеңіз!
Ішіндемін өмір дейтін ертектің,
Сезіміммен өзегімді өртеппін.
Болмаған соң өмірге ешбір құлшыныс,
Өлең жазып қалайын деп серт еттім.
Қобыз алып қасіретімді қозғасам,
Өткен күнге көңіл айтып боздасам –
Мені жынды демессіз сіз...
Алайда кешіріңіз
Болмайды өлең жазбасам.
Мінезімнен жақпай қойдым талайға,
Айтыңызшы, жұртқа жағу оңай ма?!.
Өмір сүріп жүргеніңше өтірік,
Өлең жазып өлген дұрыс, алайда.
Болмаса өлең қалай өмір сүресіз,
Қалай ғана мұңаясыз, күлесіз.
Бұл ақылдың аздығы емес, жақсы аға,
Көптігінен емес тағы...білесіз.