20.08.2022
92
Ертеден бермей жүрген жанға тыным...
Ертеден бермей жүрген жанға тыным,
Араладық көшесін Алматының.
Сезім болып төгілді жұлдыздары,
Бізге жетер дүние – ай бар ма ақының?!.
Бұл жердегі күй бөлек,
Арын басқа,
Бұдан артық ғажап сәт табылмас та.
Ешқашан он сегізін қия алмайтын,
Өлең оқып бергенбіз қарындасқа.
Жоқ ешқандай көңілдің әттегені,
Сезіммен жетіп жатты жетпегені.
Тымық түнде тебіреніп күй толғадық,
Ақын қылып жібердік Көктөбені.
Ақындар, ақ самалдан нәр алғанбыз,
Алматымен егіз боп жаралғанбыз.
Өмірімді өзгертіп жібергендей,
Өлеңіме ғашық боп ақ арман қыз.
Ертеден бермей жүрген жанға тыным,
Ғажабын көрдік солай Алматының.
Туған жер топырағыңды кешіргейсің,
Сол жерде өлең болып қалды ақының.