Көктемдегі ақ жауынға құмармын...
Көктемдегі ақ жауынға құмармын,
Сол арқылы мәңгі жасап тұрармын.
Жай отындай жасын мінез танытып,
Өлең болып төгілетін шығармын.
Ақ қауызы қасиетіндей тұмардың,
Гүл біткенді аялауға құмармын.
Гүл дәуренім гүлге ынтық қылса егер,
Гүлдей қызға ғашық болған шығармын.
Тау ұлындай тауға қарай ынтықтым,
Рухы асқақ таудан ұлы жыр күттім.
Тауды көру үшін ұшар биіктен,
Сұрар едім мен өмірін бүркіттің.
Ақын болсам тағдырымен серттескен,
Батыр болсам Отан үшін от кешкен.
Кейде тіпті қыран болғым келеді,
Көкірегін көңіл емес, кек тескен.
Қанып ішсең жеткізердей мұратқа,
Құмармын мен саф күмістей бұлаққа.
Айлы түннің самалына ғашықпын,
Сыр айтатын айқаракөз шыраққа.
Авторындай дүниедегі ұлы әннің –
Құмыр құстың әуеніне құмармын.
Мұның бәрі жүрегімді тербетті,
Мүмкін ақын болып кеткен шығармын!..