20.08.2022
  151


Автор: Хамит ЕСЕМАН

БАЛА КЕЗДЕГІ БІР ОҚИҒА

Ешкім ол кез дұрыс білмей атымды,
Танымайтын мен сияқты ақынды.
Айхай дүние, шайыр едім өзгеше,
Сұлуларға жырмен жазған хатымды.
Талай көздер көкірегіме жайды мұң,
Қыпша белдер қиялды арбап...айныдым.
Ауылымда арулар көп аққудай,
Бірақ оның жыр етерсің қайбірін.
Парталас қыз сұқтандырып санамды,
Хат жазғанмын өлеңменен таң алды.
– Өмір бойы сүйіп өтем..,– деп бастап –
Жауап күтем,-деп қаңтардым қаламды.
Ұнататын едім оны, расым,
Ертеңіне хатты оқып, ал, жыласын.
Кабинетке кіріп келген сол ағай,
– Мұны жазған қай мықты? – деп сұрасын.
Соны ойлаушы ем тұнық таңда, кеште де,
Ақындығым болды солай әшкере.
Ағай хатты жыртып, ал кеп сыбады,
Мен әрине, айта алмадым ештеңе.
Төзімімнің үзілердей сәт шегі,
Әй ұрысты, деді: – Көрем тап сені.
Өмір бойы бір аруды сүйгенше,
Бүгін өліп қалғандығың жақсы еді. –
Ағай менің сезіміме тақпақ сын,
Құлазыдым көңілімді жоқтап шын.
Деді ол тағы:
– Сенің сөзің далбаса,
Ешқашанда сүйе алмайсың, оттапсың... –
Бұл әңгіме жыры болды ортаның,
Еске түссе азабын бір тартамын.
Қызға арнап жыр жазбақ түгіл бүгінде,
Әлгі сөзді айтуға да қорқамын.





Пікір жазу