«СОҚЫР ТЕКЕ»
Беу, Һалифат, жұлдыздардың туған сәтін тойлайық,
Екеуімізден басқа ел шаршап - көз ілді.
Кел, немесе, «Соқыр теке» ойнайық,
Ал, байладым көзіңді!
Зу-зу еткен оқпын - мен.
Ғұнмын мен де Мағжандай жаратылған От-Күннен.
Үстеліңнің үстінде де жоқпын - мен,
Шкафыңның ішінде де жоқпын - мен...
Байқап жүгір, тұра алмайсың жығылсаң,
О, маған серт - осы ойында жеңілсем:
Прагаға - Мұқтар Мағауин көкеме барып тығылсам,
Табар ма едің мені сен,
Таппас па едің мені сен?!
Түбіндемін сен көрмейтін бұтақтың.
Ғасырлардан ізде, - қалмай бір күнмен.
«Атам-Ата - Һауа» деген кітаптың
430 парағында жүрмін мен.
Жоқ, жібермен кезек алар кезімді,
Ұнар саған, мейлі, тіпті, ұнамас:
Мен іздейін, байла, қане, көзімді,
Ал, сен болсаң, тұра қаш!
Ғалияның қойынында тұрсың сен,
Әлияның мойынында жүрсің сен...
Әй, не деген менен дағы айлакер,
Менен өткен қусың сен?!
Байлаудағы көзім менің тек - сенде,
Ел-жұртымның ертеңі - Сен еңселі!
Екі Мың Отыз Жылды асып кетсең де,
Екі Миллион Үш Жүз Мыңдай
Жылды асып кетсең де,
Тауып алам Мен - Сені!
Екі көзім сегіз боп,
Екі көздің жасы - екі теңіз боп, -
Мына өмірге келгенмін Мен - Сені іздеп,
Өлсем-дағы қайтып келем - Сені іздеп...