ТҮУ ТҮРКІДЕ
Түу түркіде - ғаламаты, тамыры -
Қайда Түрік Қағанаты, Тәңірі?!
Мемлекеттік Қуат қайда баяғы,
Мемлекеттік Шуақ қайда баяғы?
Мемлекеттік Ұят қайда баяғы?!
Мемлекеттік Намыс қайда баяғы,
Мемлекеттік Табыс қайда баяғы?!
Ауылдағы,
Аудандағы,
Облыстағы,
Астанадағы әр текті,
Мемлекеттік шенеуіктер Мемлекетті тәрк етті:
Ойлайтыны - виллалары өзінің,
Фирмалары өзінің;
Салтанатты сапарлары өзінің,
Бәйбішесі, тоқалдары өзінің.
Ойламайды Мемлекеттік Табысты,
Мемлекеттік Намысты!
Қайтеді олар Мемлекеттік Қуатты,
Мемлекеттік Ұятты?!
Мемлекетсіз елде жүрген сияқты!!!
Жаратылған көзден жасын төккелі,
Өзіне де, өзгеге де өкпелі, -
Мемлекетті ойлайтұғын - ақындар,
Одан кейін...аруақтар көктегі.
О, Тәңірім, азбыз ба біз, көппіз бе?
Өткелектен өткіз, мейлі, өткізбе,-
Өпсек - ақын, өлсек - аруақ біз деген,
Мемлекеттен басқа меншік жоқ бізде.