20.08.2022
  175


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

НЕМЕРЕМ ӘЛИ

Отқа, өртке мен құсап жақындап кіл,
Мынау неге күледі сақылдап бір?
Шаладай боп бықсыған дүниеде,
Қалай лаулап, қорықпай -
Лапылдап тұр?!
Жан мұздаған кезінде, үсіп қалған,
Аруақтар шақырса -
Ұшып барғам!
Ақсұңқардан аумаған бала туды,
«А!» - дегенде -
Аузымнан түсіп қалған...
Сілкіп тастап маңдайдан тұлымшағын,
Жыр оқиды осы бір ұрыншағым.
Ақыл болса басында, алабұртып,
Ақын бола көрмегей құлыншағым?
Мен де туа осылай аңқылдағам,
Саңқылдағам,
Жасындай жарқылдағам;
Жан мен тәнді мұздатып суық заман,
Алпыс үшке кеп әзер салқындағам.
Қара тас қой - қара өлең,
Алтын ед... деп,
Кім -- арқалап,
Теңізден қалқып өтпек?
Ол түгілі, қара нар атасы оның
Көтере алмай, әзер жүр тәлтіректеп...
Көзімді ашсам - Алашты көріп қалам,
Көз жасымды көрсетпей, төгіп те алам.
Қара тасты қайысып, көтере алмай,
Қара жерге күн сайын шөгіп барам.





Пікір жазу