20.08.2022
  328


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ҚАЗАСЫНА

Ахаң кетті-ау, көрсетпей қарасын да,
Қалған қара қазақтың бәрі - осында.
Алла ғана тұр қазір, біздер жоқпыз -
Ақселеу мен Алаштың арасында.
Көзге Алаштан басқаны қара көрмей,
Қаракөгім - қайтсе де қалар өлмей;
Құлағына ғаламның бір жетерсің,
Қазақтағы ғажайып қара өлеңдей!
Қайран, Ахаң,
Хош, арда Алашұлы,
Әлиханның ақтық бір жан ашуы!
Жидебай мен Қараойдың шырақшысы ең,
Алла менен Абайдың жарасымы!
Қазақ болу қашан да ғажап қой деп,
Ауа жұту Алашсыз азаптай боп, -
Паң кейіпте жүруші ең,
Дүниеде
Пайда болған Алғашқы Қазақтай боп!
Сарыарқаға аспаннан дүбір еніп,
Саф алтындай орның үңірейіп, -
Енді, міне, Ең Соңғы Қазақтайын,
Қайда көшіп барасың күңіреніп?!
Кімдер сенің төбеннен өкім етті,
Кімдер сенің сыртыннан көкіп өтті?
Адамзатқа жіберген Алашымның,
Елшісі боп Сен қалдың -
Өкілетті!
Қазағыңның тартып бар күйігін де,
Көңіліңнің болмады-ау, күйі, мүлде.
Фәниде де биікте жүріп едің,
Бақида да қалдың сол биігінде!





Пікір жазу