20.08.2022
  110


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ӨТЕЖАН НҰРҒАЛИЕВТІҢ КӨЗІ ТІРІСІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН РЕКВИЕМ

Тәңірімен табысқандай елжірейді Ер түрік.
Айға шапқан арыстандай,
Жатысын-ай, мертігіп...
Жасындардың өктем үнін көксейді ылғи түркі елі.
Көкке ұлыған Көк Бөрінің күшігі еді бұл пері!
Цивилизация!
Жақындап бір көрсең мына періні,
Сақылдап күл:
Үндістердің көсеміндей көңілі -
Аң-таң қылып замандасын,
Заманасын тәрк етіп,
Саған басын имей өткен өмірі -
Көшпелі Салт Аттылардың тұяғы еді ең соңғы,
Менің жерім тарылды да,
Сенің жерің кеңіді -
Цивилизация!
Ақтөбеден тауып алып алты жасар баланы,
Қасым Рухы -
Қара аспанға қасқая бір қарады!
Арыстандар Айға шауып, мертігетін заманда,
Көк Бөріні көп ит талап, өлтіретін заманда,
Оны өзіне шақырды өрт,
Шақырды от,
Сойқан салар содыр еді батыр боп, -
Тамамдалып соғыстардың дәуірі,
Кетті еріксіз -
Ақын боп!
Оны өзіне шақырды от,
Шақырды өрт,
Сонда Өтежан өзегінен сапырды от.
Түркі жұрты бұ дүниеге не батыр боп келеді,
Келеді не - Ақын боп!
Тәңірі оның - Көк Бөрі.
Көк Бөрінің күшігі еді ол, өйткені.
Кетті Абылай, Бұқарлардың,
Талыстардың заманы,
Кетті Әлихан, Ахметтің - Арыстардың заманы.
Маңдайына жазылды оның осы бір
Дәлдүріш пен данышпанның заманы.
Құдайдың қолын ұстағандай құл дағы,
Дәлдүріш те дәмсіз сөзін бұлдады.
Аттап кетті басымыздан тексіз күң,
Таптап кетті қара тобыр - Тұлғаны!
Қара тұман - төңірек.
Қайда барсаң - Қорқыттың көрі деп -
Түркі қаны шауып сонда басына,
Бақсы Өтежан ұлыды Көк Бөрі боп!
Жатырқады жаны сыймас ортаны.
Өзіменен өзі тыныш жүре алмады ол тағы,
Қорықты одан Цивилизация,
Империя, о,
Сұмдық,
КСРО Жазушылар одағы да қорқады!
Қазақстан Жазушылар одағы да қорқады!
Тәңірімен табысқандай елжірейді Ер Түрік.
Айға шапқан арыстандай жатысын-ай,
Мертігіп...





Пікір жазу