20.08.2022
  86


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ӘКЕМ АҚСҰҢҚАРДЫҢ БІР ЖЫРЫ

Бір тамшысы ем осынау дүние жалғанның,
Мөлдіреп тұрған Манас көкемнің кірпігінің ұшында, -
Домалап түсіп қалғанмын,
Беғазы-Дәндібайдың тұсында.
Айылымды жыймай замана дейтін дүлейден,
Аспанға ұшып құс-жаным, -
Затымды көріп, атымды қойғанда Сүлеймен,
Ақсұңқар құсқа ұқсадым.
Ой бақтым,-сырбаз бой бақпай,
Көзіме ілмей көрінген көргенсіз немені,
Құлдың заманында құлаққа құрбақа ойнатпай,
Құдайым мені жебеді!
Мен де бір жүрген шерменде,
Жүрегінің түбі - тылсым мұң.
Орда бұзып отыз сегізге келгенде,
Һалифа дейтін Арудан
Алашта бөлек ұл сүйдім!
Алдына -
Ханға жайғандай дастархан жасатып,
Бармағым балға батырып;
Қарпытып қазы-қарта асатып,
Қымыз сімірттім сапырып!
Кердеңге кеудесін игізбей,
Күміспенен күптедім,
Алтынменен аптадым;
Аяғын жерге тигізбей,
Ар-ұятын көзімнің қарашығындай сақтадым!
Жан жүйесін ерітіп,
Жанына жолатпай тексіздің, -
Едігенің ертегісіне елітіп,
Хан Кеңенің қадіріне жеткіздім!
Кім болар бұл - деп - ел жүрді іштей бал ашып,
Күлкілі:
Патша болады деген сол паңым адасып,
Ақын боп кетті бір күні...
«Көзімнің жасы селдейді, -
Деуші едім - неге шелектеп?» -
Мұхаммед ғалейіс салам айтыпты: «Бұл елге
Енді пайғампар келмейді, -
Пайғампардайын ақындар ғана келед...» - деп.
Жан пайыз таппай Хаққа кеп,
Мәйітім қалып түу Қызыларайдың жонында, -
«Тіл-көзден, Алла, сақта!» деп,
Аруақ болып мен сонын жүрмін соңында...





Пікір жазу