20.08.2022
  82


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

МАҒАШҚА

Өмір сүрдім ылғи жаным шырқырап,
Есімді алып екі ғасыр түйісі;
Ақсораңнан - Аққораның иісі бұрқырап,
Алтайдан - Түркінің иісі.
Көк Түріктен қалмай түк қанда,
Дүрлігіп мынау дүр-елің, -
Мен -
Алтайдың құзар басына шыққанда,
Қасымда сен де жүр едің.
Алтай -
Алаштың алтын тағы еді бұрынғы,
Басына шыққанда желпілдеп желмен тұлымым -
Менің жүрегім ат ойнап аузыма тығылды,
Сенің де басын айналған шығар, құлыным?
Етекте - ел әлі, егілер жанын оған да,
Еділден келіп ат суарған атаңдай екеуіміз, -
Екі пенденің басын қоспайтын қоғамда,
Егіздей болған екенбіз!
Таңдану дейтін қазақ дейтұғын қанда бар,
Күндердің күні көтеріп басын күлден кеп, -
Қарқаралының бір қара баласы таң қалар:
«Үзеңгі қағысып қос көкем қалай жүрген?! Деп -
Бекзаттайын қандай бір дәурен сүрген!» - деп.





Пікір жазу